Арман — жарық жұлдыз, онсыз айқын бағдар жоқ, бағдар болмаған соң, алға басу да жоқ, тірлік те жоқ.

Л.Н.Толстой

Асқақ арманым-тілші болу

Адам адам болғалы бері бұл дүниеде өзінің лайықты орнын іздеп, табумен әлі келеді. Әлемде 7 млрд-тан астам пенде бар екен. Олардың ойлары, өмірге деген көзқарастары бір-біріне мүлдем ұқсамаса да, баршамызды біріктіретін бір нәрсе бар. Ол-арман. Әрине,біреулер ол арманды мақсат етіп, өз болашағын жоспарлап,еңбекпенен көздегенін жүзеге асырса, кейбіреулердің арманның жүзеге асуына деген ұмтылысы болмайды. Менің түсінгенім, арманға тек еңбек пен ынта қажет.

Шыны керек, менің алға қойған арман-мақсаттарымды санап шығу мүмкін емес. Бірақ та,өмірімдегі ең маңызды орын алатыны -тілші болу. Иә, неліктен тілшілікке құмармын деп ойласыздар? Оның жауабын өзім де нақты білмеймін. Бір білетінім, бала күнімде анамның аузынан оның тілшілікке деген қызығушылыған еститінмін. Мектеп жасынан бастап газет-журналдарға түрлі тақырыпта мақала жазып,өлең шығаратын қабілеті болған. Мүмкін, жазуға деген құмарлығым анамнан берілген шығар. Оның маған айтқан сөздерінен тілшілікке деген махаббатын байқадым. Бұл арманы жүзеге аспаса да, анамның балаларына, жақындарына сіңген еңбегі көп. Маған тілшілік бағытына бет бұруыма да себепкер болған, ардақты да, асыл жан-анашым деп санаймын. Айналамдағы адамдардан тілшінің жолы қиын, арманға қол жеткізу үшін еңбек ету аз,өткір мінез бен суырып салма болу қажет деген сөздерді жиі еститінмін. Өз-өзіме деген сенімділікті жоғалтқан кездерім де болды. Ойлана келе, мен көздегенімнен қайтпай,бар күш-жігерімді салып, қайтсем де бұл өмірде өз орнымды табуым қажет деген нақты шешімге келдім.

Менің ойымша, тілшіге сөз қорының бай болуы, мінез өткірлігі жеткіліксіз.Тілші болатын адам жан-жақты, әр саладан хабары бар, берілген тақырыпқа байланысты сұрақ қоя біліп, сонымен қоса адаммен тез тіл табыса білуі қажет. Тілшілік саласы — ең қызығы мен шыжығы көп, қызған өмір ортасы. Нағыз тілші сөз бастайтын шешен, қол бастайтын көсем болуы тиіс.  Бұл мамандықтың  ерекшелігі – халқымыздың ойына, көзқарасына әсер етуі. Сол себепті, бұл мамандықты қош көрдім. Мен үшін ең бастысы атақ-даңк не мансап қуу емес, бар болғаны өз сүйікті ісіммен айналасып, айналамдағы адамдарды жиі қуантсам деймін. Бұл арманым қажырлы еңбекті қажет етеді. Бірақ,мен бала күнгі арманымды осы өмірге әкеле алатыныма кәміл сенемін. Себебі, «еңбек етсең ерінбей,тояды қарның тіленбей» деп ата-бабаларымыз бекерге айтпаған. Мақсатымды алға жетелеп, арман құсымның жетегіне еріп өзім қалаған тілші мамандығын таңдап, өмір жолымды бастағым келеді.

Армандар орындалады. Менің арманым-өз қолымда.

Мен ҚАЗАҚПЫН! 5.05.2016 жариялады
114,019 сұрақ
289,128 жауап
151,740 пікір
57,236 қолданушы